Бұқараның базынасын боямасыз жеткізетін арна: Құрманбек Жұмағали, «Астана» телеарнасының бас директоры

/image/2020/06/27/crop-114_12_458x814_article_119953.jpg

Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында біздің басылым «Астана» телеарнасының бас директоры Қ.Жұмағалимен әңгімелескен еді. Арна басшылығының эфирлік сетканы жүйелі жүргізу және мемлекеттік-ақпараттық саясатты тиімді пайдалану нәтижесінде медиа ресурс елдегі жетекші-танымал телеарналардың қатарына енді. «Астана ТВ» мамыр айында ТОП 3 тікке еніп, қарқынды дамып келе жатқан арналардың көшін бастап тұр.

– Қысқа мерзімде арнаның жылдам өсуіне не әсер етті және жоғары нәтижелі көрсеткіштерге қалай қол жеткізілді?

Кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұқбатында мемлекеттік саясаттың ұстыны болатын ақпараттық идеологияның тым нәзік, тым өзекті екенін орайлы жеткізді. Телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру, көрші елдің телеөнімдерінің көшірмесін емес, қоғамдық ойдың ұйытқысы болатын дүниелерді эфирден беру. Ұлттық идеологияға қызмет ететін құнды дүниелерді, төл өнімдерімізді молайту керек деген пікірдің ішінде астарлы һәм терең ой жатқанын сұқбатты оқыған кез-келген оқырман ұқты деп ойлаймын. Осы тұрғыда, медиа саласындағы жауапты қызметтің басы-қасында жүрген әріптестеріме зор жауапкершілік жүктелетіні анық.

Орайы келгенде айта кету керек, Аstana TV  “Нұр Отан” партиясының ақпараттық холдингіне кіретін телеарна болғандықтан, біздің алдымызда мемлекеттік идеологиялық саясатты көрерменге оңтайлы жеткізу сынды биік мақсат бар. Сонымен қатар, партияның ілкімді істері мен іргелі бастамаларын көрерменге жеткізу басты назарда.

2019 жылдың қазан айында арна басшылығына келгеннен кейінгі алғашқы жұмысымыз эфирдегі дүниелер, ондағы бағдарламалық саясатқа талдау жасаумен басталды. Жаңалықтар қызметінің әлеуеті, аймақтардағы меншікті тілшілер қосыны мен тұрақты контентін ескерсек, арнаның осы уақытқа дейін топ - 5 тікте болуға мүмкіндігі мол еді. Алайда, сол уақыттардағы эфирлік және өндірістік қызметтің тоқырауы салдарынан, аудиториялық көрсеткіштер төмендеп, арна ұсынған жобалардың танымалдылығы жоғала бастады. Оның үстіне, бәсекелестік орта күшейіп, басқа телеарналардың эфирінде жаңа да сапалы, қызықты мазмұндағы өнімдер пайда болды.

Біздің арнаның алдында үлкен мақсат тұрды. Ол – төменге құлдилап кеткен рейтингті аз уақытта қайта қалпына келтіру. Ал төмен рейтинг-арнаның табысының азаюына алып келетіні  белгілі. Осы мәселені шешу үшін жаңа механизмді іске қостық. Алдымен көрермен аудиториясын зерттеп, осы бағытта терең талдау жүргіздік.  Арнадағы мазмұны ескірген бірқатар жобаларды эфирден алып тастадық. Жаңалықтардың форматын өзгерттік.

Күнделікті көрсетілетін ақпараттық бағдарламаларды да қайта жүйеледік. Көзі қарақты көрермен үшін айта кеткен жөн. Қазақ және орыс тілдеріндегі жаңалықтар нұсқасы «Astanatimes» атты бірыңғай жаңалықтар жобасына біріктіріліп, әр жаңалық бірегей және басқа тілде қайталанбай берілетін болды. Мұндай шешім қабылдауға, қазақ және орыс тілдерін жақсы білетін мақсатты аудиториямыздың ерекшеліктерін ескере отырып қол жеткіздік. Қазақ, орыс тілдеріндегі жаңалықтардың екі тілде қайталанып берілуі көрерменін жалықтыратын ескі технология екенін дер кезінде анықтадық.

Жыл басында медиа саласының жаңа буынын тәрбиелеу мақсатында жас журналистер арасында «Astanatimes» үшін жаңа көшбасшылардың ауқымды байқауын (кастингін) өткіздік. Айта кету керек, осы бастамамыз арқылы қарапайым азаматтардың бағдарлама тізгіншісі бола алатынына көз жеткізе отырып, сенімділік пен адалдық принципін енгіздік. Аудиовизуалды сәйкестендіру жаңартылды: логотип пен графикалық әрлеу өзгертілді. Эфирге заманауи графикалық трендтер шыға бастады. Сонымен қатар, арна жаңа стилде үн қатты. Осы атқарылған қыруар жұмыстар арқылы көрермен бойында біздің арнамызға деген сенімді көзқарас қалыптастырдық.

Бағдарлама арасында көрсетілетін роликтер топтамасының берілу тәсілдері өзгертілді. Мемлекеттік маңызы бар атаулы мерекелік күндерге сәйкес арнайы графикалық ұтымды тәсілдермен ақпарат беріліп отырады. Телеарна миссиясы көрерменнің көңілін көтеру ғана емес, тарихи оқиғалар мен көрнекті тұлғалар туралы ақпарат беру екені даусыз.

Осы тұрғыда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевқа арналған бейнероликтер циклін атап өткім келеді. Өткен жылы арна келбеті ретінде Абай атамыздың «қара сөздерінен» жасалған роликтер топтамасын эфирден бердік. Абайдың 175 жылдығына орай 14 бейнеролик түсірілген еді.

Қолға алған барлық жобаларымыз бен бастамаларымыз «Халықтық арна» қағидасына сай жасалды. Көрермендерге қарапайым түрде берілетін тұщымды жобалар мен фильмдер шығару, керек болған жағдайда телеөнімдерді сатып алу жұмыстарын жалғастыра беретін боламыз. Көрерменге жақын болу біздің мұратымыз. Осы тұрғыда біз үшін арнаның кей жобаларына әлеуметтік компонентті енгізу өзекті болып қала бермек.  Түйіндеп айтсақ, бұқараның базынасын боямасыз көрсететін арнаға айналу үшін барымызды саламыз.

Өткен жылдың қараша айынан жаңалықтар қызметіне «Студияға қоңырау шал» атты жаңа айдар енгізілді. Кез келген көрермен жаңалықтар студиясына қоңырау шалып, өз мәселелері туралы айтып, түрлі ақпаратпен бөлісе алады. Жаңалықтар қызметіндегі шығармашылық тобымыз кез келген қоңырауға дер кезінде жауап беріп, мәселені тиісті құрылымдарға жеткізіп отырады.

Бүгінгі таңда редакциямызға 3500 ден астам қоңырау түсті. Біз тұрғындардан түскен 185 мәселені қазақ, орыс тілдерінде тікелей эфирде көрсетіп, тиісті жерлерге жеткіздік. Жақын күндері 150 ден астам мәселе шешілді. Қалған сұрақтардың түйіні жақын күндері шешіледі. Жалақының кешіктірілуі, жол жөндеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жиі қойылатын сұрақтар қатарында. Кей шенеуніктер мен басқа да жауапты мекеме қызметкерлерінің қандай да бір қарсылығына қарамастан, біз барлық мәселелерді толық шешуге тырысамыз. Біздің арнаны белгілі бір дәрежеде телевизиялық қоғамдық қабылдау деп атауға болады.

  

Әлеуметтік сипаты басым жобаларымыздың бірі – «Аялы алақан» деп аталады. Қайырымдылық мақсатта ашылған телевизиялық жобада – қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек беріліп, нақты қолдау көрсетіледі. Жоба   түрлі мәселелерді шешуге бағытталған. Жоба авторы Бибігүл Дәулетбекқызы түсірілім барысында кейіпкердің тұрмыс тіршілігін, түрлі ауыртпашылықтар мен күрестегі жанқиярлық ерлігін көрсетеді. Ауыр науқастар, көп балалы отбасы, тұрмысы төмен, жетім балалар т.с. әлеуметтік мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын береміз. Жобаны түсіру кезінде өтініш білдірушілердің барлығына дерлік көмек көрсетілді.

  

Мамырдың ортасынан бастап, арнаның эфирлік уақыты тікелей эфирден берілетін «Айтарым бар» атты жаңа әлеуметтік ток-шоумен толықтырылды. Бағдарламаға кейіпкердің мәселелерін шешу мақсатында нақты саланың өкілдері мен тиісті мамандар шақырылады. Бастысы, проблемасын шешуді қалайтын кез-келген тұрғын жобаға қатыса алады. Жобада өзекті тақырыптар мұқият зерттеліп, талқыланады. Бағдарлама барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, қатысушылар санын шектеу, бейне байланыстарды қосу сынды технологиялық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы тікелей эфирге шығады.

– Қоғам мен мемлекеттің назары короновирус пандемиясына және оның өршіп, таралуынан туындаған қиындықтарға бағытталып отыр. Сіз басқаратын арна қызметіне бұл жағдай қаншалықты әсер етті?

Пандемия адамзат баласының күнделікті тіршілігінің барлық салаларына айтарлықтай өзгерістер енгізді. Әрине, сәйкесінше медиа қызмет, телеарна саласы да бұдан тыс қалмады. Қысқасы, телеарна қызметі де қандай да бір өзгерістерге тап болуда. Қазақстандық медиа-нарықтағы барлық дерлік жарнамалық компаниялардың мазмұны мен қызметі тоқтатылды. Сәйкесінше ішкі жарнама бюджеті де едәуір қысқарды.

Пандемиялық жағдай біздің бірнеше жобаларымызды жағдай бір қалыпқа түскенге дейін тоқтата тұруға мәжбүр етті. Ал, басқа елдерге енгізілген карантиндік шаралар арнамыздағы кей жобалардың түсірілім жұмыстарына тікелей әсер етті деуге болады. Мысалы, біздің аранамыздан эфирге шығатын «Қара ниет» атты түрік сериалының түсірілім жұмыстары аяқталмай қалды. Осы ретте көрермендеріміздің әлеуметтік желілер мен редакциямызға қоңырау шалу арқылы сериалды көрсетуді сұрап, хабарламалар қалдырғанын айта кеткен жөн.

Төтенше жағдай режимінің алғашқы күндерінен бастап, біздің арна қашықтықтан жұмыс тәртібіне ауысты. Кірістің азаюына қарамастан, біз мекеменің штаттық санын сақтап қалдық. Ең бастысы, барлық қызметкерлердің жалақыларын толығымен сақтауға тырыстық. Төтенше жағдай мен карантиндік шараларға қарамастан, сәуір-мамыр айлары аралығында 50 – ден астам арнайы репортаждар мен «Елорда live» тың 25 студиялық шығарылымын түсірдік. Пандемиямен күрестегі елордалық жедел штаб жұмысының қыр-сырына үңіліп, жан-жақты ақпарат берілді. Біздің тілшілер жағдайды түрлі ракурстармен берді. Блок бекеттерде болды. Құқық бұзушыларды анықтауға байланысты ұйымдастырылған рейдтерге қатысты, ауруханалар мен  емханалар жұмысының қарқынды құрылысын көрсетті. Баға нарығындағы ахуалдар мен басқа да карантиндік шараларға қатысты журналистік зерттеулер жасады.

Біздің журналистер өз денсаулығы, жақындарының денсаулығына қауіп төндіріп, карантин режиміне қарамастан жұмыстарын жалғастыруда. Вируспен күресте алдыңғы  шепте болған барлық БАҚ қызметкерлерінің адал жұмысын ерекше атап өткім келеді. Біздің кәсібіміздің басты миссиясы - жедел және сенімді ақпаратпен қамтамасыз ету болатын. Бұл миссиямыздың өміршең екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

– Медиа индустрия нарығын зерттеп жүрген кей сарапшылар төтеше жағдайға байланысты енгізілген шектеулер кезінде теледидар көретіндер санының артқандығын алға тартып отыр. Көрермендердің қалауы өзгерді ме? Әлде, телевизияны басқа да ақпарат көздерінен артық көретін дәстүрлі аудитория мен карантинге байланысты теледидар көруге қайта оралған аудитория арасында қандай да бір байланыс бар ма?

Жалпы алғанда, пандемияға дейінгі жылдарда теледидар көретін аудиторияның айтарлықтай азайып бара жатқаны байқалды. Бұл тенденция әлемнің көптеген елдерінің медиа нарығына тән орын алды десем қателеспеймін. Ал, карантин уақытында теледидар көретіндер қатары 20 процентке артты деуге болады. Бұл көрсеткіш арқылы халықтың дәстүрлі БАҚ қа деген сенімі зор екенін байқадық. Осыған байланысты жаңалықтар мен басқа да ақпараттық бағдарламаларды қарау көлемінің артуы заңды болатын.

Бүгінде карантин кезінде көрермен қауымның назарынан тыс қалмаған жанрдың бірі-ойын-сауықтық бағдарламалар. Сосын отандық және шетелдік телехикаялар сұраныста болды.  

 Ал "Астана тв"арнасының аудиториясына келетін болсақ,жыл басынан бері қаралым көрсеткіші едәуір артқаны байқалды. Өткен мамыр айында және осы маусымның басында арнаның қаралымы 90 процентке жетті. Бұл - "Астана" телеарнасы қызметкерлерінің жүйелі әрі қажырлы еңбегінің жемісі.

Бүгінгі жеткен жетістіктерімізді сақтау біз үшін маңызды болып қала бермек. Сондықтан, түрлі жанрдағы қызықты жобалар мен оларды эфирге оңтайлы сәтте беру кестелері жасалды. Драма,комедия жанрында 6 сериал дайындалды. Соның ішінде 90 жылдардың тоқырау кезеңіндегі кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігін шынайы бейнеленген фильмді атап өтуге болады.Талай жанды ажалдан арашалаған өрт сөндірушілер туралы,сондай-ақ браконьерлермен күресте қаза тапқан Ерлан Нұрғалиевтің ғұмыр жолы жаңа сериалға арқау болмақ. Бүгінде бұл телехикаяның түсірілім жұмыстары басталып кетті.

 «Профессионал» деген жобамызға да тоқтала кеткен жөн. Оның бірегейлігі сол, қазақстандық телевизияда тұңғыш рет өздерінің ерекше дағдыларын көрсетуге, сол арқылы «Профессионал» атағына ие болуға мүмкіндік туғызатын ерекше жоба. Ең бастысы, мұнда қарапайым жұмысшы кәсіп иелеріне барынша жасалған мұмкіндік деп қабылдауға болады. Сонымен қатар, біз шетелдік сериалдардың жанкүйерлерін ең қызықты және танымал теленовеллалармен қуантуды жалғастырамыз.

– Интернет жүйелер мен digital-платформалардың ақпарат таратуда дәстүрлі БАҚ ты медиа нарықтан біртіндеп ығыстырып келе жатқаны жасырын емес. Бір қызығы бұл үрдіс жыл өте келе өзекті болып келеді. Сіз басқаратын арна барынша трендте болу үшін қандай позицияны ұстануда?

Телеарна қызметі сенімді ақпарат көзі ретінде басқа медиа ресурстарға қарағанда айтарлықтай артықшылықтарға ие. Біріншіден, теледидар интернет ресурстарға қарағанда ауқымды хабар таратады. Екіншіден, жоғары сапалы контентті бірде-бір интернет-арнаның  блогерлері жасай алмайды. Олардағы ресурстық шектеулер ауқымды түсірілім, күрделі жобалар жасауға кедергі келтіреді. Үшіншіден, сериал қарап, теле шоу тамашалайтын көрермендер ондай сапалы өнімдерді ғаламтор желісінен таба алмайды. Мысалы, Үнді сериалдарының дәл сол нұсқа, сол дубляжбен интернеттен тамашалау мүмкін емес.

Аудиторияның белгілі бір бөлігі интернет желісінен ақпарат қарайтынын ескере отырып, біздің ұжым интернетте белсенді жұмыс істеп келеді. Әлеуметтік желінің барлық түрлерінде телеграмда, фейсбукта, инстаграмда, вконтактіде, сондай-ақ youtube арнасында ресми аккаунттарымыз бар.  Мысалы, төтенше жағдай кезінде ғана біздің телеграм арнамызға 50 мыңнан астам адам қосылды. Instagram-да 800 мыңнан астам жазылушымыз бар. Ал youtube арнасы «алтын түймені» алуға жақын.

Әлеуметтік желілермен жұмыс істеу кезінде біз белгілі бір платформалардың ерекшелігін басшылыққа аламыз. Мысалы, телеграм арнасының жазылушылары ақпаратты жедел алғысы келеді. Ал, инстаграм қолданушылары өздерінің сүйікті теле-шоулары мен жобаларының тұсаукесерлері туралы ақпаратқа көбірек қызығады. Пікір-таластарға қатысып, талқылаулар жасайды. Ал, ютуб каналымызда ерекше жанрдағы жобаларымыз бен сериалдарымыз бар. Олардың қаралымдары өте жоғары.

Жақын күндері ел тарихына, тәуелсіз Қазақстанның даму шежірелеріне арналған екінші ютуб арнамыз ашылады. Сонымен, қазіргі арнамыздың бағыты көңіл көтеретін жобалар бағытында болса, екіншісі, тарих пен саясатқа қызығушылық танытатын аудитория үшін құрылады. Арна тарихтағы ерекше оқиғалар мен Тұлғалар, егемендік алған тұстан бүгінге дейінгі қоғамдық және саяси өмірдің бейнекадрлары, авторлық танымал бағдарламалармен толықтырылады. Меніңше, мұндай ресурстың пайда болуы ақыл-ой иелері үшін үлкен мүмкіндік болмақ.

Мазмұнды сұқбатыңыз үшін рахмет. Алдағы жоспарларыңыз көрермен тарапынан жүзеге асып, сапалы телеөнімдеріңіз көп болсын деген сенімді тілек бар. Келе жатқан – бұқаралық ақпарат құралдарының күні кәсіби мерекеңізбен құттықтаймын! Сізге және Сіз басқарып отырған ұжымға сәттілік, зор денсаулық және қажырлы еңбек тілемін!

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар